Түркістандық әйел оқушы ұлының зорланғандығын дәлелдей алмай жүр
Былтыр қыркүйекте белгілі болған іс сотқа жетіп, судья зорлау расталмады деп ұйғарған
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны оқушы ұлының зорланғандығын дәлелдей алмай жүр. Арнамызға арыз айтқан Алтынкүл Арапова бір жылдан бері әділдік таппай жүргенін айтты. Оның 14 жастағы ұлын интернатта бірге жататын ауылдастары зорлап келді деп күдіктелген-тін. Бірақ сотта ақталып шыққан, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Жасөспірім зорлыққа ұшырады деген оқиға Жылға ауылындағы ғимаратта болған. Ол № 12 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектепке қарасты интернат. Мұнда көршілес ауылдардан келген оқушылар жатып оқиды.
Баласы бастауышты бітіргелі ауылдастарынан ажырамай, интернатқа келген. Анасының айтуынша, осында оны өзінен жоғары класта оқитын ағайынды екі бала зорлап келген. Ұлының айтуымен қалай болғанын да баяндап берді.
Былтыр қыркүйекте белгілі болған іс сотқа да жеткен. Бірақ судья зорлау расталмады деп ұйғарған. Алтынгүл апелляциялық шағымнан да әділет таппадым деп күйініп отыр.
«Мені тыңдаған да жоқ, сол барлығы бір ауыл боп, бір ауыз боп барлығы әкімият, мектеп, интернат барлығы Сарыағаш, Түркістан облысы барлығы осы істі жапты. Қазір ақшамен жабады, бәрі ақша деп ойлаймын»,- дейді жәбірленушінің анасы Алтынкүл Арапова.
Жасөспірімнінің адвокаты қолдарындағы дәлел де, оны растаған куәгерлердің сөзі де ескерілмегенін айтады.
«Біздің пікірімізше, бұл істе «астар» бар. Себебі, егер де зорлаған баланы соттайтын болса онда интернатты жабу керек. Ол интернатқа қаржы бөлініп жатыр, оған әкімшіліктердің де қатынасы бар деп санаймын. Менің ойымша, бұл жерде қаржы мәселесі жатыр ма деп ойлаймын. Жемқорлық мәселесі бар деп ойлаймын. Сол үшін сот әділ болмайды деп санаймыз. Неге десеңіз алқа билер қалай болады, алқа билер сол әкімшіліктен келеді көбі, - деді адвокат Айман Омарова.
Ал жәбірленген жасөспірім былтырдан бері сабаққа да барып жүрген жоқ. Қатарластары мазақ қылатын көрінеді. Анасы содан бері ұлының мінезі де, денсаулығы да күрт нашарлағанын айтады.
Бірақ, әділдік таппадым деген ана мұнымен тоқтап қалмақ емес. Баласының құқы қорғалуы үшін Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа да шағым түсірген.