Алматыда студенттер Work and travel-ге берген ақшасын қайтара алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған дерек бойынша арнайы тергеу тобы құрылды

Алматыда бір топ студент Work and travel бағдарламасына берген қаржысын қайтара алмай жүр. Пандемияға байланысты саяхат кейінге қалған. Енді ақшасын қайтарайын десе, жүгінген агенттіктері қомақты соманы бермей әуре-сарсаңға салыпты, деп хабарлайды КТК. 

Амалы таусылған жастар полицияға да шағым жазған.

Шыңғысхан Насырға іс бұлайша насырға шабар деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. 3-курс студенті 600 мың теңгесін ойланбай «Коламбас иксчейндж» агенттігіне санап берген. Енді не Америка жоқ, не ақшасы жоқ. 

«Карантин кезінде біз көп сұрақ қойдық: «Америкаға бара аламыз ба, бара алмаймыз ба?» деп. «Бара аласыңдар, сеніңдер, мен өзім жауап беремін, бір ай болсын,  кеш барасыңдар» деді. Мысалы, мен мамырдың 23-і Америкаға ұшуым керек болатын» , - дейді студент Шыңғысхан Насыр. 

«Кешікпей кетемін» деген сеніміне селкеу түскен студенттердің айтуынша, бұлай алданып қалғандар саны 100-ге жуық. Агенттік жауапкершіліктен құтылу үшін 600 мың теңгенің жүз мыңын ғана қайтармақ болған. Бірақ онымен студенттердің келіскісі жоқ. 

«Агенттіктің менеджері Нұржан Бөкетов деген кісі болды. Өзі аздап дөрекі сөйлеп, бізге мәселені нақтылап түсіндірмеді», - дейді студент Дамира Исат. 

«Дөрекі сөйледі» деген Бөкетов бұл жолы да жылы қабақ танытпады. Тіпті, студенттерді танымаймын деп, ат-тонын ала қашып, құтылғанша асық болды. 

Келемеж күлкісі езуіне тығылған қызметкер камерасыз сөйлесіп, студенттерге жағдайды түсіндіремін деп, тіптен есікті іштен кілттеді. Бірақ сайып келгенде оларға ешнәрсе түсіндірмеген. Сабыры сарқылған олар адвокат жалдап, полиция департаментіне арыз жазды. 

«Аталмыш дерек соталды реестрде ҚК 190-бабының 1-тармағы бойынша тіркеліп, қазір арнайы тергеу тобы құрылды. Өндіріс аясында міндетті түрде оқиғаның толық мән-жайы және басқа да факторлар анықталады», - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Полиция департаменті «Кінәлілер міндетті түрде жазасын арқалайды» дейді. Ал арыз түскен агенттік Инстаграмда басқа студенттерді еш қымсынбастан бағдарламаға қатысуға шақыруын жалғастырып жатыр.