Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде
Петропавлда бір түнде екі көлікті айдап әкеткен 20 жастағы күдікті ұсталды. Ол өз олжасын орманға апарып жасырып қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екінші полиция бөліміне Береке ауданының бірден екі тұрғыны түнде есік алдынан көліктерінің жоғалғанын айтып арызданған. Криминалдық полицияның қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізген. Үй-үйді тексеріп, көршілерден жауап алып, қылмыс орнынан жақын жерде орналастырылған бейне бақылау камераларын тексерген. Бейнежазбалар екі қылмыста да бір адамның әрекет еткенін растады. Күдікті бірнеше сағат өткен соң ұсталды. Автокөліктер Береке ауданының шетіндегі орманда табылды және иелеріне қайтарылған. Петропавл қалалық Полиция басқармасы екінші полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция капитаны күдікті Самат Тастанның айтуынша, ВАЗ 2106 және Opel Vectra көліктерін айдап әкеткен. Жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу нәтижесінде полиция қызметкерлері ізін суытпай күдіктіні анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта екі факт де Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша енгізілді, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ұсталған азамат бұрын ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталған болып шықты. Сол түні масаң күйде болған. Қазіргі уақытта полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде екі факт бойынша мән-жайды анықтауда, сондай-ақ күдіктінің ұқсас қылмыстарға қатысын тексеруде. Айта кетейік, Береке ауданында болған автокөлікті заңсыз иеленудің екі жағдайында да көліктер не құлыпталмай тұрған және кілттер салонда қалдырылған екен.
Полицейлер қала тұрғындарына көліктерін бейнебақылау камералары бар жерге қоюға, көлік салонында ақша мен құнды заттарды қалдырмауға, дабыл жүйесін орнатуға кеңес береді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО