Таразда мониторинг тобы 500 адам жиналған тойдың үстінен түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Олар мейрамхана есігін іштен құлыптап, тығылып той өткізген

Фото: ашық дереккөзден

Таразда карантинге қарамастан жасырын той жасайтындар тыйылмай тұр. Жұрт мейрамханаларда есікті іштен құлыптап қойып мейман күтетін болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Мамандар бұлай жалғаса берсе инфекция қайта өршіп, қоғамға айтарлықтай қауіп төнуі мүмкін екенін айтып дабыл қағып отыр. Қалада пандемия басталғалы коронавирус жұқтырғандар саны 1600-ге жуықтады. 

Ескертулер мен жүргізілген түсіндіру жұмыстарына қарамастан тойхана қожайындары жұмыс істеуін тоқтатар емес. Тексеру кезінде олар бір күннің өзінде бірнеше салтанатты шараның үстінен түскен. Көп жағдайда мейрамханалардың ішіне кіру мүмкін болмайды. Топ мүшелері есік ашпағандардың есігін бұзып кіруге көшті. Қазір 12 топ тәулік сайын мониторинг жүргізеді. Тәртіп бұзғандар анықталған жағдайда хаттама толтырылады. Пандемия басталғалы тойхана иелеріне 15 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. 

«Мәселен, кеше 10 дерек тіркелді. Тойханаларда 500 адамға дейін жиналады. Жақында ғана осындай үлкен тойдың үстінен түстік. Той иелерінің өзі бізге тап беріп, қарсылық білдіреді. Мүмкін қонақтардың арасында науқас адам бар шығар? Бір адам жүздеген адамға вирус жұқтыруы мүмкін. Қанша түсіндіруге тырыссақ та жұрт түсінбейді», - дейді қоғамдық бақылау тобының мүшесі Николай Чагай.