Өртті сөндіруге жеке құрамнан 25 адам мен 5 автоцистерна жұмылдырылған
Семейде 10-шы қабаттағы өртенген пәтерден 6 жасар бала құтқарылды. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
9 қазан, жұма күні сағат 15:40 кезінде өрт сөндіру қызметіне Первомай көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің 10-қабатындағы пәтерде өрт шыққаны туралы хабар түскен.
Белгілі болғандай, пәтер ішінде 6 жасар бала қалып қойған.
Автобаспалдақтың көмегімен өрт сөндіруші Айдос Қабдығали 10-шы қабатқа көтеріліп, терезе саңылауы арқылы пәтерге кіреді.
«Пәтердің төргі бөлмесінде жиһаз, тұрмыстық заттар өртеніп жатқан. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 10 шаршы метрді құраған. Бұл кезде бала жатын бөлмедегі терезенің жанында болған», - делінген баспасөз хабарламасында.
Бүлдіршін бірден қауіпті аймақтан шығарылып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Бұл уақытта подъезден 20 ересек адам мен 7 бала шығарылған.
«Жарты сағат ішінде өрт сөндірушілер қызыл жалынды ауыздықтады. Жалынды өшіруге жеке құрамнан 25 адам мен 5 автоцистерна жұмылдырылған», - делінген хабарламада.