Қырғызстанда бірқатар қазақстандық кәсіпорынға шабуыл жасалған
ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қырғыз Республикасындағы қазақстандық кәсіпорындардың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Қырғыз Республикасындағы қазақстандық инвесторларға тиесілі бірқатар кәсіпорындарға жасалған шабуылдар мен оларды басып алу әрекеттеріне байланысты үлкен алаңдаушылық білдіреміз.
Кәсіпорындардың Қазақстан Республикасының азаматтары саналатын қызметкерлеріне күш жұмсау және осы кәсіпорындардың мүлкін жою туралы қауіп-қатер көрсету фактілері ерекше алаңдатады.
Қазақстандық компаниялар соңғы жылдары Қырғызстан экономикасына 1 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, көрші елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты.
Қырғыз тарапын Қазақстан азаматтарының да, Қырғызстан аумағындағы қазақстандық компаниялардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша дереу шаралар қабылдауға шақырамыз», - делінген ҚР СІМ мәлімдемесінде.