Айыбын мойындап, кешірім сұраған сотталушыны келіншек кешіріп, соттан оны түрмеге жаппауды өтініпті
Ақтөбеде бұрынғы әйелінің бетін аяусыз пышақпен тілгілеген жігітке қатысты үкім шықты. №2 Ақтөбе қалалық сотының үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы astanatv.kz хабарлайды.
38 жастағы сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болады. Әйелінің бетін тілгілеп тастаған ақтөбелік Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сотталушы айыбын мойындап, кешірім сұрады. Кешірімді қабылдаған келіншек, соттан оның түрмеге жаппауын өтініпті. Бірақ прокуратура «Қатігез жігітті 6 жылға қамау керек» деген жаза сұрады.
«Ақтөбе қаласы №2 сотының үкімімен Бекенов ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Істі қарау барысында жәбірленуші келтірілген залалды өндіру туралы азаматтық талабынан бас тартқан. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Еділ ҚҰДАЙБЕРГЕН.
Аталмыш оқиға осы наурыз айында болған. Ажырасқан азаматтың бұрынғы әйелін жұмыс орнына іздеп барып, бет-ауызын аяусыз тіліп тастағаны хабарланды. Бұл жантүршігерлік жағдай әлеуметтік желілер арқылы тарап, қоғамда қызу талқыланған еді.