48 жастағы әйел мұндай әрекетке бұған дейін де барған
Петропавл полиция басқармасына 48 жастағы қала тұрғынынан «102» арнасына пәтерінде адам өлтірілді деген хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына шұғыл түрде екінші полиция бөлімінің қызметкерлері жіберілген, алайда, жолда оларға шақыртудан бас тартылғаны туралы ақпарат жеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Әйел өзі қоңырау шалып, ақпаратты жоққа шығарған. Аталған мекенжай бойынша учаскелік полиция инспекторы жіберілді»,- деді Петропавл қалалық ПБ Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.
Полиция капитаны Жанат Мұхамеджанов пәтерде масаң күйдегі әйел мен екі ер адамның болғанын анықтаған. Әйел отырыста адам өлімі туралы әзілдеп, көңіл көтермекші болған. Әйелдің мұндай әрекетке бұған дейін де барғаны белгілі болды. Наурыз айында ол осыған ұқсас тәртіпбұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған болып шықты. Заң бұзушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438 бабы 2-бөлігі «Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру» бойынша жауапқа тартылды. Оған 80 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге тура келеді.
СҚО-да жыл басынан бері аталған бап бойынша 327 заңбұзушылық тіркелді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО