Бішкектегі жаппай тәртіпсіздік: жараланғандар ауруханаға жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Қарсылық акциясына  11 партияның өкілдері қатысқан

Фото: Sputnink.kg

«Жаппай тәртіпсіздік» – Бішкектегі Ала-Тоо алаңында болған қарсылық шеруіне құқық қорғау органдары осындай баға берді. Бұл туралы 24.kg агенттігі хабарлайды.

Бішкек қалалық ІІБ мәлім еткендей, бүгін сайлауда Жогорку Кенешке өтпей қалған саяси партиялардың жақтастары мен көшбасшылары қала орталығындағы алаңға жиналып, сайлау нәтижелерін қайта қарауды талап етіп, мәлімдеме жасаған.   

«Кешкі сағат 20.10 шамасында сайлау нәтижесіне көңілі толмаған топ Жогорку Кенеш ғимаратын бетке алып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған. Тәртіпсіздіктің соңы ғимарат алаңына басып кіру талпынысына ұласқан», - деді ведомстводағылар. 

Қазіргі уақытта бұл оқиға Қырғызстан астанасының ІІД-нің қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізілімінде тіркеуге алынып, «Жаппай тәртіпсіздік» бабы бойынша сотқа дейінші тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Қарсылық акциясына: «Ата Мекен», «Бир Бол», «Бутун Кыргызстан», «Замандаш», «Республика», «Мекенчил», «Мекен Ынтымагы», «Социал-демократы Кыргызстана», «Реформа», «Ордо» и «Ыйман Нуру» атты 11 партияның өкілдері қатысқан.

Қарсылық акциясы кезінде жүзден астам жараланғандардың бәрі ауруханаға жеткізілді. Алайда, орталық алаңнан қуылған наразы топ дәл қазіргі сәтте Бішкек көшелерінде күш құрылымдары өкілдеріне тас, кірпіш лақтырып, әлі де қарсылық танытып жатыр. Сондай-ақ, патрульдік қызмет көлігін өртеп жіберген. Оларға жауап ретінде құқық қорғау өкілдері көзден жас ағызатын газ қолданған.