Ол тізгіндеген автокөлік жол ортасындағы темір қоршауға соқтығысқан
24 жастағы бойжеткен Алматы – Өскемен тасжолында болған жол апатынан қайтыс болды, деп хабарлады Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, оқиға 4 қазан күні 16:00 шамасында тас жолдың 209-шы шақырымында, Қызылтоған ауылына жақын маңда болған. Kia Rio автокөлігін тізгіндеген қыз жолды екіге бөліп тұрған темір қоршауға жоғары жылдамдықпен келіп соғылған.
«Оқиға орнында шұғыл тергеу тобы жұмыс істеді. Анықталғаны, 24 жастағы Алматы тұрғыны тасжолмен солтүстік бағытқа қарай кетіп бара жатып, көліктің тізгініне ие бола алмай қалған. Алдын ала болжам бойынша, оның автокөлігінің алдыңғы дөңгелегі жарылған. Жүргізуші оқиға орнында қайтыс болды», - делінген аталған хабарламада.
Аталған жайтқа байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.