Жыл басынан бері білім беру саласында 166 қылмыстық іс тіркелді
Жемқорлық қылмысын жасаған 43 тұлға сотталған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы жылдың 8 айында білім беру саласының қызметкерлеріне қатысты 166 қылмыстық іс тіркеді. Оның ішінде: 30 балабақша меңгерушісі, 22 орта мектеп директоры және 8 колледж директоры бар.
144 қылмыстық іс аяқталып, оның 138-і сотқа жолданды. 43 тұлға сотталды.
Аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залал сомасы 829 986 мың теңгені құрады, оның қазіргі уақытта 795 149 мың теңгесі өтелді.
Мәселен, 21 қыркүйекте Алтай ауданының №2 сотының үкімімен, аудан әкімдігінің «Жасмин» бөбекжай-бақшасы» МКҚК меңгерушісі О.Н. Целовальникова 7 жыл 6 айға, ал мекеме бухгалтері Е.В. Потерина 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Олар өздерінің карточкалық шоттарына негізсіз қаржы аудару және жеке кәсіпкер арқылы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру жолымен МКҚК-ның 27 699 779 теңге сомасындағы ақша қаражатын жымқыру күдігіне ілінді.
1 қазанда осыған ұқсас жымқыру фактілері бойынша Атырау облысы Исатай аудандық соты «Қарабай Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің бас бухгалтері Г. Ерғалиеваны және есепші А. Мұқашеваны 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды.