Созақ ауданында 700 келіге жуық есірткі тасымалдағандар ұсталды
Тәркіленген заттардың 650 келіден астамы «кептірілген марихуана» болып шықты
Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Созақ АПБ полицейлері және жергілікті қорықшылармен бірге есірткінің ірі партиясын тасымалдаған «Toyota Land Cruiser» автокөлігін ұстады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков мәлімдеді.
Жедел уәкілдер көлікті тінту кезінде ішінен 37 полиэтилен қапшығы мен өсімдік тектес есірткі заттары бар бірнеше ыдыс тапты. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 650 келіден астам «кептірілген марихуана» және 48 келіге жуығы «гашиш» болып шыққан.
«Ұсталған екі күдікті бұрын сотты болған Нұр-Сұлтан қаласы және Жамбыл облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілердің есірткі салынған қапшықтар мен ыдыстарды алдын ала дайындап, Жамбыл облысынан шыққаны белгілі болды. Олар Созақ ауданы арқылы айналма жолмен Қостанай облысына қарай кетпек болған. Алайда, Бетпақдала аумағында көлік жүрмейтін жолмен жасырынып кетіп бара жатқан көлікті қорықшы байқап қалып, полицияға хабарлаған», - деп мәлімдеді ПД бастығының орынбасары.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін күдіктілер Созақ АПБ-не жеткізіліп, қамауға алынған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша тіркелді.