Оқиға 2020 жылдың наурызында «Шағала» шипажайында болған
2020 жылдың наурызында Ақтөбе облысындағы «Шағала» шипажайында баланы сүлгімен ұрып-соққан тәрбиешіге қатысты видео жарияланды. Бұл жағдайды шипажайдағы балалардың бірі видеоға түсіріп, сосын оны баланың ата-анасы әлеуметтік желіде бөліскен.
Осы оқиғаға байланысты балалар шипажайына полиция мен прокуратура өкілдері барып, аталмыш факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы бойынша (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Кейін белгілі болғандай, шипажайдағы тәрбиешінің 20 жылдық тәжірибесі бар екен. Оған балалардың бірі тіл тигізіп, ашуланған тәрбиеші оны орамалмен ұрып-соққан.
Mgorod.kz порталының хабарлауынша, Ақтөбе облысы Алматы аудандық полиция бөлімі жүргізген сотқа дейінгі тергеу ісі тараптардың татуласуымен аяқталып, қылмыстық іс тоқтатылған.
Ал «Шағала» шижайындағылар баланы сүлгімен ұрып-соққан тәрбиеші мен бұл жағдайды көре тұра еш шара қолданбаған екінші тәрбиешінің ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 14-тармағы бойынша жұмыстан шығарылғанын айтты.