Атырау облысында адам өлтірген 18 жастағы тұрғын он жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол кәмелет жасқа толғанға дейін тергеу изоляторында болды

Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты кісі өлтірді деп айыпталған Мақат ауылының 18 жастағы тұрғынына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

«Былтыр 16 сәуірде Привокзальный ықшамауданында «Мұрагер» базарына жақын жердегі бес қабатты үйлердің бірінің маңында 32 жастағы Мақат ауылының тұрғынын біреу атып кеткен. Ол есін жимастан облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Көп ұзамай полиция күдіктіні ұстады. Ол марқұмның 17 жастағы жерлесі болып шықты», - деп жазылған ақпаратта.

Оның адам өлтіруіне «жек көрушілік» себеп болған. Ол тергеу изоляторында бір жылдан астам уақыт болды, сол жерде 18 жасқа толды. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы – 99-бабы («Адам өлтіру») және 287-бабы («Қаруды заңсыз сақтау және алып жүру») бойынша кінәлі деп тауып, жоғары қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде (қатаң режимдегі колонияда) 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді.