Қыздар төбелесінен кейін жұмыстан кеткен мектеп директорлары қызметке қайта оралды

Автор: Azattyq Rýhy

Білім басқармасы комиссияның асығыс шешім қабылдағанын айтты

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбе облысында орамал таққан қыздардың төбелесінен кейін Темір аудандық білім бөлімінің басшысы қатаң сөгіс алды. Ал осы оқиғадан соң жұмыстан кеткен Кенқияқ, Шұбарши, Саркөл орта мектептерінің директорлары қызметтеріне қайта оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Облыстық білім басқармасының дерегінше Темір аудандық білім бөлімінен жасақталған комиссия асығыс шешім қабылдаған.

«Облыстық білім басқармасы оқиғаның мән-жайын анықтау барысында бұл аталған директорларды орнынан босату негізсіз болғанын анықтап отыр. Сондықтан да қазіргі таңда аталған директорлардың барлығы өз орнына қайта тағайындалды. Аудандық білім бөлімі басшысына қатаң сөгіс жарияланды», - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

    Еске сала кетейік, 20 қыркүйек күні Кенқияқ елдімекенінде жоғарғы сыныптың оқушы қыздары арасында төбелес болды. Қазіргі кезде бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.