Tengri Bank басшылығы бөтеннің мүлкін ысырап етті деген күдікке ілінді – Бас прокуратура

Автор: Azattyq Rýhy

Жақында қаржы институты лицензиясынан айырылды

Фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Tengri Bank басшылығына қатысты «Өзгенің сеніп тапсырған мүлкін иемдену немесе ысырап ету» бабы бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды zakon.kz.

Бұған дейін Экономикалық тергеу қызметі банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айрылған Tengri Bank басшылығына қатысты қандай бап бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айта алмаған еді.

Осыған байланысты редакция Бас прокуратураға сауал жолдады.

«Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеулер департаменті «Tengri Bank» АҚ мүлкін ұрлау фактілеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз», - делінген ресми орган жауабында.

Бас прокуратура бұл іс бойынша күдікке нақты кімнің ілінгені және тергеу қай кезден бастап қолға алынғаны туралы ақпарат беруден бас тартты. Олар Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сілтеме жасап, оған сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректері жария етуге жатпайтынын жеткізді.