24 жыл бұрын Беларусьте кісі өлтірген азамат Алматыда ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір ұсталған адам Алматы қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды

Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері ерекше қатыгездікпен кісі өлтірді деген күдікпен 67 жастағы К. есімді Беларусь азаматын ұстады. Анықталғандай, ол соңғы жылдары Алматы маңында жасырынып келген.

«Беларусьтен келген әріптестеріміздің айтуынша, К. есімді азамат адам өлтірді деген күдікпен Беларусь Республикасы Қылмыстық кодексінің 100-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іспен 1996 жылдан бастап іздеуде болған. Анықталғандай, ол өз елінде бұзақылық жасағаны және адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін екі рет сотталған. Қазір ұсталған адам Алматы қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көп ұзамай, ол Беларусь Республикасының Минск қаласына экстрадицияланып, жергілікті сот алдында жауап береді», – деп түйіндеді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.