Жақсы ауданы тұрғындары мен «Жақсылық» компаниясы арасындағы 2 жылға созылған марганец дауы

Автор: Azattyq Rýhy

Ақмола облысының Жақсы ауданында халық кен өндіруші компаниямен бір жарым жылдан бері соттасып келеді

Ақмола облысының Жақсы ауданында марганец рудасының айналасында туған даудың жалғасып келе жатқанына көп болды. Аудан орталығында жергілікті атқарушы органдар, компания басшылығы мен басқа да тиісті мекеме өкілдерінің қатысуымен бірнеше мәрте жиын өткен. Бірақ тараптар келісімге келе алмапты. Кен өндіруге қарсылығын білдірген жергілікті халық істі сотқа дейін жеткізген. Аудан халқы елдегі экологиялық жағдайдың ушығып, тіпті ішетін суға дейін марганец тотығының араласып кетуінен қауіптенеді. Ал компания басшылығы кен өндіру жұмыстарының бәрі экологиялық талаптарға сай жүзеге асырылатынына сенімді. Екі жылдан бері жалғасып келе жатқан жайды Azattyq Rýhy тілшісі талдап көрді.

«БІЗДІ АЛДАП КЕТТІ...»

Жақсы ауданының тұрғындары компания халықтың келісімінсіз істі бастап кеткен деп есептейді. 

«Осыдан екі жыл бұрын, 2018 жылы халыққа хабарламастан қоғамдық тыңдау өткен. Оған тек Павлодар облысының адамдары ғана қатысыпты. Он төрт адамның тек екеуі - Жақсы ауданының тұрғындары. Осыны пайдаланған «ТКС Жақсылық» компаниясы қоғамдық тыңдау өткіздік деп арнайы құжат жасатып, Экология министрлігінен лицензия алып, марганец рудасын өндіруге кіріспек болды. Бізді алдап кетті. Бірақ біз мұндай жөнсіздікке жол бермейміз. Олар кенді қазу үшін жарылыстар жасайды. Ал жайылған марганец пен оның қалдықтары қар және басқа да жауын-шашынмен Белағаш көлін ластайды. Ол біздің Жақсы ауданындағы суы тұщы жалғыз көл. Ал соның өзін улы марганец қалдықтарымен ластап алсақ, халық қайтіп күн көрмек? Марганецті ашық әдіспен өндіру экологияға да елеулі зиянын тигізеді. Қазір істі сотқа бергенбіз. Сот отырыстары жүріп жатыр», - дейді Жақсы ауданының тұрғыны, аудандық мәслихат хатшысы Бисейіт Жанәділов.

Жергілікті тұрғындар карьерлердің ауыл жанынан қазылуына қарсы. Өйткені, марганец өндірілсе, елдегі экология нашарлап, түрлі ауру меңдейтініне сенімді.

«Мен 2005 жылдан бастап осында тұрамын. Марганец рудасы айналасындағы дүрбелең 2018 жылы басталған. Ол кезде ешкім ештеңеден хабарсыз болды. Олар өз бетінше жұмысын жүргізе берген. 2018 жылы ауылда марганец рудасы өндірілетінін кездейсоқ естіп қалдым. Содан кейін бұл туралы тереңірек зерттей бастадым. Оқи келе қатты шошыдым. Марганец адам ағзасына түссе, ол ешқашан кетпейді екен. Кен қалдықтары орталық жүйке-жүйесін, қан айналымы, бүйрек пен өкпенің жұмысын бұзатынын білдім. Кен орны ашық түрде өндірілмек. Жақсы ауылының жанындағы Алматы – Свердловск күре жолынан 350 метр жерде ғана орналасқан. Ол жерде ауылдың малы жайылады. Марганец шаң-тозаңын жұтқан малдың еті де бұзылады. Бізде үнемі жел соғып тұрады. Экологиялық талаптарға сәйкес, мұндай қауіпті руда өндіру елдің шетінен кемінде 1 шақырымнан артық шамада орналасуы тиіс. Ал кен орны мен ауылдың арасы бір шақырымға жетпейді. Үйінділерден қазірдің өзінде ауылға қарай шаң ұшады. Ауданда әуелден ауыз су тапшы. Халықтың көпшілігі техникалық су ішуге мәжбүр. Марганец рудасынан ұшқан шаң-тозаң, егер оны одан әрі тереңдетіп өндірсе мүлде қиын болмақ. Жақсы және Белағаш ауылдарын сумен қамтитын жалғыз тұщы су - Белағаш көлі де улы қалдықтармен ластана ма деп қауіптенеміз», - дейді Жақсы ауылының тұрғыны Қымбат Шукжанова.

Кен рудасын өндіруге қарсылық білдірген Жақсы ауылының тұрғындары «ТКС Жақсылық» ЖШС мен Ақмола облысының Табиғи ресурстарды реттеу және пайдалану басқармасын да сотқа берген. Аталған іс бойынша тұрғындардың талап арызымен айналысып жатқан қорғаушының пікірінше, компания тұрғындармен өткізген қоғамдық тыңдаулардыг заңсыз өткізілген.

«Экологиялық кодекстің 57-2 бабының 1 тармағына сәйкес, тау-кен саласында кен өндіретін компаниялар міндетті түрде сондағы жергілікті халықпен қоғамдық тыңдаулар өткізуі тиіс. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік экологиялық сараптаманы өткізу кезінде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырады. Аталған талаптар бойынша Жақсы селосында 2016 жылдың 27 маусымында жиында қоғамдық тыңдау өткізіліп, тұрғындар кен өндіруге түбегейлі қарсылық білдірген. Ал, 2020 жылдың сәуірінде тұрғындар «ТКС Жақсылық» компаниясы ел-жұртқа, тіпті жергілікті билікке хабарламастан 2018 жылдың 17 тамызында Жақсы селосындағы «Кухня» деген шағын дәмханада қоғамдық тыңдау өткізгенін естиді. Оған тек Павлодар облысының ғанатұрғындары қатысыпты. Жиында дәмхана иелерінің де қолын қойғызып алған. Осылай хаттама толтырған кәсіпорын Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің қоршаған орта эмиссиясы мен мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын да алып алған. Осылайша Жақсы ауылындағы бес мыңға жуық халықтың құқығы бұзылған. Қазір аталған заң бұзушылықтарға сәйкес Көкшетау қалалық сотында өткізілген қоғамдық тыңдаулардағы хаттама шешімін заңсыз деп тану туралы біздің талапарызымыз бойынша сот процестері жүріп жатыр», - дейді адвокат Бакиден Бралин.

АУДАН ӘКІМДІГІ ЖЕР УЧАСКЕСІН БЕРУДЕН БАС ТАРТҚАН

Аудан әкімдігі халықтың наразылығы мен істің сотқа берілуіне байланысты кен өндіруші компанияға жер учаскесін беруден бас тартқан.

«Жақсылық ТКС» ЖШС Жақсы ауданы әкімдігіне кен өндіру үшін жер учаскесін бөлу туралы өтінішпен 2019 жылдың 10 шілдесінде жүгінді. Бірақ, қылмыстық іс аудандық жер комиссиясы Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы істі сотқа бергендіктен қозғалған. Басқарма компанияның халықпен өткізілген қоғамдық тыңдаулар туралы хаттаманың заңсыздығы туралы сотқа арыз берген. 2019 жылдың 23 тамызында компания жер учаскесін алу туралы тағы жүгінді. Комиссия халықтың қоршаған ортаны ластауына және адам денсаулығына зиян келтіретіні үшін 24 қыркүйекте марганец рудасын өндіруге наразылығына байланысты жер учаскесін беруге бірауыздан қарсы дауыс берді. Арада ай өткенде 31 қазанда компания вахталық қалашық салу үшін 8,3 гектар, технологиялық кешен орналастыруға 357,11 гектар, пайдалы қазбаларды өндіру үшін 200 гектар жер учаскесін алу бойынша тағы жүгінді. Аудандық жер комиссиясымен кен орны Жақсы селосының шекарасы аумағында орналасқандықтан «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің 25-бабына сәйкес мың метр қашықтықта кен өндіруге тыйым салынады. Мұнымен қоса, Жақсы ауылын дамытудың бас жоспарына сәйкес «ТҚС Жақсылық» кен орны шекарасынан 330,4 метр қашықтықта тұрғын үйлер салатын резервті аумақ орналасқан», - дейді Жақсы ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Әбілжанов.

КОМПАНИЯ ПОЗИЦИЯСЫ: «СОҢЫНА ДЕЙІН СОТТАСУҒА ДАЙЫНБЫЗ»

Компания басшылығы ауыл тұрғындарының айтқан сөзі мен келтірген деректеріне мүлде келіспей отыр. Мекеме басшысы аталған даулы мәселе төңірегінде уәжін білдірді.

«Біздің барлық құжаттарышмыз заңға сай. 2018 жылдың 17 тамызында қоғамдық тыңдау өткізілді. Барлық сурет пен хаттама бар. Жергілікті облыстық газетке бір ай бұрын хабарландыру бердік. Халықтың бәрі қоғамдық тыңдау өткізілетінінен хабардар болды. Дегенмен, түрлі сылтаумен біздің жұмысымызға кедергі келтіруде. Біз бір жарым жылдан бері соттасып келеміз. Өкінішке қарай, халық бізді еш түсінгісі келмейді. Кен орны елдімекеннен екі шақырымнан астам аумақта орналасқан. Ал, Белағаш көлімен арадағы арақашықтық алты жарым шақырымды құрайды. Арасында аласа қырқалар мен төбелер бар. Сондықтан, су қоймасына еш зиянын тигізбейді деп есептеймін. Біз көл суын өзіміз алып зерттеп те көрдік. Ол су ішуге жарамайды. Біз соңына дейін соттасуға дайынбыз. Осы бір жарым жыл ішінде бізде экономикалық дағдарыс болды. Жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр. Соттасудың салдарынан біз өте үлкен шығынға ұшырадық. Оның барлық құжаттарын әзірлеп отырмын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілген анықтамалары да жалған мәліметке толы. Барлығы заңға сәйкес болғандықтан, сотта жеңетінімізге сенімдімін», - дейді «ТКС-ЖАҚСЫЛЫҚ» ЖШС бас директоры Бота Муканбедиева.

Марганец дауына байланысты қос тараптың да өз шындығы бар. Даудың нақты немен аяқталатыны белгісіз.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы