Петропавлда 6 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен көпір жарылып кетті

Өткелді жөндеуге бюджеттен жарты миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған

Петропавлда 6 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен көпір жарылып кетті

Петропавл қаласының орталығын Жұмысшы кентімен жалғайтын көпірде жарықшақ пайда болды. 6 жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен нысан бүлініп жатыр. Өткелді жаңартуға бюджет қаражатынан жарты миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Тендерді алматылық «Мостостроительный отряд 25» серіктестігі ұтып алған. Тұрғындыр күн сайын көпір арқылы жүргенде бойын қорқыныш сезімі билейтінін айтады. Темір жол үстінен салынған өткелмен күніне мыңдаған көлік пен жаяу жүргінші қатынайды.

«Мен көпірдің үстімен жүргенде жерге қарамауға тырысамын. Тесікке көзім түссе, басым айналып кетеді. Аяғымды жылдам басып, тез өтемін. Қала орталығына барар ең тура жол осы. Бірі жұмысқа, бірі әкімдікке қатынайды дегендей, күніне қаншама адам өтеді. Ал көпірдің жарығы күн сайын үлкейіп келеді», - дейді Зинаида Пашкова.

Мамандардың айтуынша бетон плиталары түйіскен жерде асфальт қабаты жарылғанымен, еш қауіп жоқ. Сондықтан, көпір жабылмайды. Петропавл қалалық баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір олқылықты жою үшін тиісті құжаттар әзірленуде. 

«Прокурорлар, әкімдік мамандары, көпір құрылысымен айналысатын компания өкілдерінен құрылған арнайы комиссия нысанды зерттеді. Олар көпірді ары қарай пайдалануда еш қауіп жоқ деген байламға келді. Мұндай ақаулар уақыт өткен сайын болып тұрады. Бұл көпір 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазір оның жарылған жерін жамау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жылдың соңына дейін орташа жөндеу жасалады. Әзірше көпір жабылмайды. Өйткені көліктерге де, жаяу жүргіншілерге де айтарлықтай қауіп жоқ. Тек жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде ғана көпір бірер күнге жабылуы ықтимал», - дейді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Күрделі жөндеу жасалған уақытта көпірге 2 жыл кепіл мерзімі берілген. Ол өтіп кеткендіктен мердігер компания жауапкершілікке тартылмайды. Енді нысан жергілікті қазына қаражаты есебінен қалпына келтіріледі. Жөндеу жұмыстары нақты қай уақытта өтетіні әзірге белгісіз. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.