100 тоннадан астам бекіресі қырылып қалған шаруашылық Атырау облысы әкімдігін сотқа берді

Автор: Azattyq Rýhy

Олар бір жарым миллиард теңге шығынды өндіріп алуға үміттенеді

Фото: ашық дереккөзден

«Луговой жылқы зауыты» ЖШС Атырау облысы әкімдігіне қатысы сотқа талап арыз берді, деп жазады Ақ Жайық.

ЖШС өкілі Самат АҚСАМБИЕВТІҢ айтуынша, 2018 жылғы желтоқсанда Жайықтағы балықтың қырылуына кінәлі «Атырау Су Арнасы» КМК әлі күнге дейін оларға сотпен белгіленген 1,5 миллиард теңгенің шығынын өтемеген.

«Сондықтан біз Атырау облысы әкімдігінің үстінен талап арыз бердік, өйткені кәсіпорын әкімдіктің құзырында, заңға сәйкес, ол залалды өтеуге қатысуы тиіс», - дейді С. Ақсамбиев.

Еске салсақ,  2018 жылдың желтоқсанында Жайықта қара балық жаппай қырыла бастады. 12 желтоқсанда екі қылмыстық іс қозғалды, ал осы уақытта Луговой жылқы зауытының Атыраудағы учаскесінде және Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытында көп мөлшерде бекіре тұқымдас балықтар қырылды.

Балықтың жаппай қырылуына қатысты сот үкімі 2019 жылдың 25 желтоқсанында шығарылды. «АСА» КМК бұрынғы директоры Руслан ҚҰРМЕТОВ, оның орынбасары Виктор СУЩЕНКО және су тазарту станциясының басшысы Михаил ЧУРСИН екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сот «Атырау Су Арнасы» КМК-нен Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының пайдасына 13 миллион 924 мың теңге (14 тоннадан астам қара балық қырылды), Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының пайдасына 429 миллион 438 мың теңге (1 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық қырылды), «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің пайдасына 1 миллиард 500 миллион 859 мың теңге (100 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық қырылды) материалдық зиянды өндіріп алу туралы қаулы шығарды. КМК үшін ерікті орындау мерзімін 6 ай деп белгіледі.

Қазіргі уақытта кінәлілер жануарлар дүниесі инспекциясына да, бекіре өсіретін зауыттарға да келтірілген зиянды өтеген жоқ. Мәселе мынада: сот үкімінен кейін бір аптадан соң «Атырау Су Арнасы» КМК жаңа коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын - «Атырау облысы Су арнасы» мекемесіне сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсетуді ресми түрде тапсырды. Сол кезде облыстық энергетика және ТКШ басқармасының сол кездегі басшысы Мұрат ИҒАЛИЕВ материалдық шығынды өтеу туралы сот қаулысына жаңа кәсіпорынның еш қатысы жоқ екенін, қаржылық ауыртпалық бұрынғы кәсіпорынның мойнында екенін мәлімдеді.

Қазір ауыр соққыдан кейін «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің Атырау учаскесі жұмысын жалғастыруда – Тараздан 5 тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық әкелінді, ол жақта ЖШС-нің тағы бір балық өсіретін зауыты бар. Бірақ бұл әлі жетілмеген аналық балықтар. Зауыт алдағы жылдары балық қырылғанға дейінгі жағдайға жету үшін тек балық өсірумен айналысады.

«2018 жылдың желтоқсанында бізде балықтың бәрі қырылды, ештеңе қалмады. Бекіре тұқымдас балықтың жетілуіне 7-8 жыл қажет. Қырылған балықты біз шамамен 8 жыл  өсірдік, енді уылдырық аламыз деп жоспарлаған едік. Бірақ үлгермедік», - дейді С. Ақсамбиев.

Оның айтуынша, «Атырау Су Арнасы» КМК өзінің кассациялық өтінішінде зиянды КМК-нің сотталған үш басшысы төлеуі керек деп көрсеткен.

«Бірақ біз бұл ақшаны олар өмірде ешқашан төлей алмайтынын түсініп отырмыз. Сот үкіміне сәйкес, кәсіпорынның бүкіл технологиясы дұрыс емес болған. Егер басшылық осы технологиямен жұмыс істесе, онда бүкіл кешен кінәлі. Егер қазір әкімдік жауапкершіліктен қашса немесе «Атырау Су Арнасы» ештеңе төлемесе, Қазақстанда балық шаруашылығын ешкім қолға алмайды. Не үшін? Елімізде биоактивтер сақтандырылмаған. Егер кінәлі тұлғалар жазасыз қалса, ешкім бұл саланы қолға алмайды»,- дейді жәбірленуші.