Ал сотталушы бұл соманы төлей алмайтынын айтты
Алматы маңында болған жол апатынан қайтыс болған полицей Дастан Әбдіқановтың әйелі сотталушы Азат Азаматовтан 36 миллион теңге өтемақы талап етті. Марқұмның жесірі Динара Аманның айтуынша, қайғылы жағдай болардан бір ай бұрын олар балалы болған. Ішімдік ішіп апатқа себепкер болған экс-полицейдің кесірінен 26 жастағы жас ана асыраушысынан айырылып, баланы қазір жалғыз асырап отыр. Жәбірленушінің қорғаушысы бұл соманы әкесіз қалған баланы 18 жасқа толғанша асырауға жұмсау үшін талап ететінін айтты.
«Қылмыстық істің материалында Азат Азаматовтың кінәсі толық дәлелденген. Сондықтан кінәлі Азаматовтан 2020 жылдың 18 сәуірінде туған Шах-Сұлтан Дастанұлының пайдасына 36 миллион 552 мың теңге өтемақы талап етеміз. Ақша Маратжан Шах-Сұлтан Дастанұлы 18 жасқа толғанға дейін қажет. Әбдіқановтың жұмыс орнынан айлық табысы, баланың туу туралы куәлігі сынды құжаттардың барлығы іс материалына тіркелген», - деді жәбірленуші Динара Аманның қорғаушысы.
Мемлекеттік айыптаушы Арыстан Әлікеновтың айтуынша, сотталушы Азаматов көлікті мас күйінде басқаруға тыйым салынғанын біле тұра көлік тізгіндеген. Ал 26 жастағы айыпталушы апат алдында өзінің бұрынғы әріптестері Мағжан, Берік есімді полицейлермен көлікте сыра ішкенін, апаттың қалай болғаны есінде жоқ екенін айтты.
«Құрметті сот, мұндай ақша төлеуге менің шамам жетпейді, бірден айтайын. Келесі сотта жауап берейін толық», - деді сотталушы А. Азаматов.
Ал тағы бір жәбірленуші Аида Жетпісбаева да моральдық және материалдық өтемақы талап ететінін, алайда ақшаның сомасын келесі сотта мәлімдейтінін жеткізді. Марқұм күйеуі Жарас Жанғазиевтың артында кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы қалған.
«Кешірмеймін! Оның кішкентай баласы бар болса, менің үш балам жетім қалды. 14, 10 жастағы қыздарым мен бір айлық ұлым бар. Күйеуім ұлын көрмей кетті. Жарас 25 мамырдан бастап еңбек демалысына шығатынын айтқан еді. Қаралы хабарды көршілерім жеткізді. Қазір бала күтімімен жұмыссыз отырмын, келесі сотта азаматтық арыз-талабымды жеткіземін. Бүгін оған дайын емеспін», – деді марқұм Жарас Жанғазиевтың жесірі Аида Жетпісбаева.
Естеріңізге салсақ, BMW автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісі мас күйінде алдымен блок-бекетке, содан кейін полиция экипажына соқтығысқан. Қайғылы оқиға 25 маусымда таңғы сағат 6-да болды. Оқиға салдарынан 40 жастағы полицей Жалғас Жанғазиев жедел жәрдем келгенше көз жұмса, оның әріптесі 26 жастағы Дастан Әбдіқанов ауруханада қайтыс болды. Бастапқыда Азат Азаматовтың ісі Қылмыстық кодекстің 99-бабы – «Кісі өлтіру» бойынша тергелген еді. Қазір оның үстінен ҚР ҚК 345 бабының 1 тармағы, 4 бөлігіне сәйкес, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол апатын жасағаны үшін сот жүріп жатыр.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы