ҰҚК рейдерлікпен айналысқан үш бірдей қылмыстық топтың жолын кесті

Автор: Azattyq Rýhy

Арнайы операция кезінде қылмыстық топтардың 15 жетекшісі мен белсенді мүшелері ұсталды

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

11 қыркүйекте ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «А» және «Бүркіт» арнайы бөлімшелерін тарта отырып, астаналық өңірде қорқытып алумен, рейдерлікпен және қару саудасымен айналысқан «Әлібековтер», «Ибрагимовтер» және «Махмудовтар» ұйымдасқан қылмыстық топтарының бір мезгілде аса қауіпті әрекетінің жолын кесті.

«Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Қостанай қалаларындағы арнайы операция шеңберінде көрсетілген топтардың 15 жетекшісі мен белсенді мүшелері ұсталды, олардың біреуі Ресей Федерациясында бандитизм мен адам өлтіргені үшін халықаралық іздестіруде болатын. Атыс қаруының, оқ-дәрілер мен гранаталардың арсеналы алынды», - делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ұсталғандар Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалып, қолда бар дәлелдемелерді бекіту және қылмыстық әрекеттің өзге де эпизодтарын анықтау бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.

«Карантиндік шектеулер жағдайында қылмыстық топтар қылмыстық белсенділігін төмендетпей, экономикалық қиындыққа тап болған кәсіпкерлерден қорқытып алумен және рейдерлікпен айналысуды жалғастырған. Бөтеннің мүлкін тартып алу бойынша қылмыстардағы дөрекілік пен қатыгездік көбінесе атыс қаруы мен дене күшін қолданумен жалғасып отырған. Осы жағдайларда ел басшылығы құзыретті органдар үшін бейбіт азаматтарға бандиттік элементтер тарапынан қауіп-қатерлерді жою, қоғамның 90-шы жылдардағы «рэкетирлікке» қарай құлдырауына жол бермеу бойынша міндеттерді басымдылықтар қатарына қойып отыр», - делінген хабарламада.