Атырауда интернет-алаяқтықпен айналысқан жасөспірім ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің осыған ұқсас басқа да алаяқтық қылмыстарына қатыстылығы тексеріліп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысының полицейлері әлеуметтік желі арқылы алаяқтық жолмен ​ақша алған жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

21 маусым күні Атырау облысы Исатай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу Инстаграм желісіндегі «АЙБЕК КӨМЕК» парақшасы арқылы Kiwi​ әмиянына оның 40 мың теңге аудартып алған.

Онымен қоймай, жәбірленушінің «HalykBank» картасы мен сәйкестендipу нөмірін фотомен алдыртып есепшотынан 385 мың теңге ақшасын иемденіп алған.

Полиция қызметкерлері жан-жақты іздестіру жұмыстары барысында қылмысқа күдіктіні анықтады. Жақында Атырау полицейлері Түркістан облысының 2003 жылы туған тұрғынын ұстады.

Кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің осыған ұқсас басқа да алаяқтық қылмыстарына қатыстылығы тексерілуде. Тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша жүргізілуде.