ҚХР-мен жуырда ғана келісімшарт жасалған
ҚХР наркотик өнімдерін заңсыз тасымалдады деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған жерлесіміз Ақжарқын Тұрлыбайдың жазасын Қазақстанда өтеуіне мүмкіндік беретін құжатқа жуырда ғана қол қойылған. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты.
«Бізде ҚХР сотталушы азаматтарымызды қайтаруға қатысты қос тараптық келісім бар. Келісімнің бірінші шарты бойынша Ақжарқын жазасын Қазақстанда өтегісі келетіні туралы жазбаша өтініш жазуы керек. Осыдан кейін біздің ратификацияланған келісімшартымыз бойынша біз ҚХР-дың прокуратурасына оны бізге беру мүмкіндігін қарастыру туралы хабарлама жолдаймыз. Сосын бізде қандай санкция қарастырылғанын қараймыз. Атап өтетіні, біздің елде де 207-бап бойынша наркотик өнімдерін тасымалдағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер оның іс-әрекеті сәйкес келетін болса, келісімшарт бойынша біз оны елге эстрадациялап, жазасын Қазақстанда өтеуіне мүмкіндік жасай аламыз», - деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары журналистерге арналған брифингте.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Ақжарқын Тұрлыбайдың атынан Бас прокуратураға ешқандай өтініш түспеген.
«Ақжарқынның атынан Бас прокуратураға ешқандай өтініш түспеді. Аталға іспен ҚХР елшілігі, оның қорғаушысы айналысуда. Оның үстіне, Қытай Халық Республикасымен азаматтарымыздың жазасын елде өтеуіне қатысты заң жуырда ғана өз күшіне енді, егер бізге ресми өтініш түссе, осы бағыт бойынша жұмыс істейміз», - деді Ахметжанов.
Айжан Қалиева, Нұр - Сұлтан