Ақмола облысында адам қағып, ізін жасырмақ болған жүргізуші ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Көлік астына түскен жігіт ауруханада қайтыс болды

Фото: ашық дереккөзден

Макинск қаласында жақын жердегі Астана – Көкшетау автобанының бойында көлігімен адам қағып кеткен жүргізуші оқиға орнынан ізін суытып үлгерген. Ал, қатты соққыдан ауыр жарақат алған ер адам сол жерде бірден жан тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы жылдың 3 қыркүйегінде түнгі сағат 11.30 шамасында Бұланды аудандық полиция бөліміне Нұр-Сұлтан қаласының 33 жастағы тұрғыны хабарласып, жол бойында белгісіз ер адамның жатқанын хабарлаған.

Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері жол апатының Нұр-Сұлтан – Петропавл күре жолының 196-шақырымында болғанын анықтады. Щучинск қаласына қарай келе жатқан белгісіз автокөлік иесі Шортанды кентінің автобанды кесіп өтпек болған 31 жастағы тұрғынын қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жол апаты салдарынан ауыр жарақат алған жігіт аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы оның жол апатынан алған жарақатынан көз жұмғанын анықтады.

«Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345, 347-баптары (жол қозғалысы ережесін бұзу және жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кету) бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды.

Адам қағып, оқиға орнынан ізін суытып үлгерген кінәлі азаматты іздеуге Бұланды аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы мен Ақмола облысы жол-патрульдік қызметі батальонының күш-құрылымы жұмылдырылды. 6 қыркүйекте «Мерседес 709» маркалы шағын автобусты тізгіндеген 49 жастағы ер адамның жаяу жүргіншіні соғып, қашып кеткені анықталды. Қан іздері қалған көлік тәркіленді», - деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Қазір осы жағдайға байланысты бірқатар сарапта тағайындалып, жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы