ШҚО-да мас жүргізуші балаларды қақты: бір бала қайтыс болды, үшеуі ауруханада
Mitsubishi Chelenger автокөлігінің 31 жастағы жүргізушісі алкогольдік мас күйінде 5, 10, 11 және 12 жастағы төрт ойнап жүрген баланы қақты
ШҚО-да мас жүргізуші балаларды қағып кетті. Шабуыл салдарынан 10 жасар қыз көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
5 қыркүйек күні сағат 18:50-де Бородулиха ауданының Новая Шульба ауылында жол-көлік оқиғасы орын алды. Mitsubishi Chelenger автокөлігінің 31 жастағы жүргізушісі алкогольдік мас күйінде, бұрылу кезінде рульді басқара алмай, жүріс бөлігінің жанында 5, 10, 11 және 12 жастағы төрт ойнап жүрген баланы қақты.
ЖКО салдарынан 10 жасар қыз жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды, қалған кәмелетке толмағандар түрлі дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді.
«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-1– бабы 3-бөлігі «көлік құралдарын алкогольдік масаң күйде басқаратын адамдардың жол қозғалысы ережелерін бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыруы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді ШҚО ПД басшысы Сағат Мәдиев.
Қазіргі уақытта автокөлік жүргізушісі ұсталып, аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бірқатар сот сараптамалары тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Айта кетерлігі, осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 10 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығына тыйым салу көзделген. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.