Баланы ауруханаға полицейлер қызметтік көлікпен апарып тастаған
Алматы облысында полицейлер жол үстінде ауа жетпей тұншығып қалған сегіз айлық баланы ауруханаға шұғыл жеткізуге көмектесті, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Полиция автокөлікті тоқтатқан. Көлік жүргізушісі баласының жағдайы нашарлап кеткенін және оны Үшарал қаласының ауруханасына алып бара жатқанын түсіндірген. Көз жасына ерік берген әйел полицейлерге баланың тұншығып жатқанын және оған шұғыл көмек қажет екенін және жолдағы көп қозғалыс салдарынан қатты жүре алмай келе жатқанын түсіндірген. Тәртіп сақшылары шұғыл шешім қабылдап, қызметтік көліктеріне анасы мен баласын және әжесін отырғызып, шұғыл түрде көмекке мұқтаж сегіз айлық баланы Үшарал аудандық орталық ауруханасы дәрігерлерінің қолына тапсырған», - деді Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлеріне алғыс жариялау мәселесі қаралып жатыр.