Көкшетаудың перинаталдық орталығында босанған әйел өз-өзіне қол жұмсады

Автор: Azattyq Rýhy

Әйелдің денесі ағашқа ілініп тұрған жерінен табылды

Көкшетауда босанғаннан кейін жоғалып кеткен 36 жастағы әйел асылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облыстық перинаталдық орталығы, жаңа туған нәрестелер бөлімшесінің дәрігері әйелдің полицияға жоғалып кеткені туралы хабарлады. Оның айтуынша, жаңадан бала босанған әйел палатадан белгісіз бағытта шығып, нәрестені тастап кеткен. Артынан босанғаннан кейін әйелдің стрессті күйде болғаны белгілі болды.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. Әйелдің денесі ағашқа ілініп тұрған жерінен табылды. 

«Ағымдағы жылдың 27 тамызында сағат 19.00-де перинаталдық орталық пен қалалық аурухана маңынан жоғалған әйел табылды»,- деп хабарлады баспасөз қызметі.

Осы факті бойынша ҚР ҚК 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, сот-медициналық сараптама тағайындалды.