Мойынқұмда атыс болып, бір адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция қызметкерлері 27 жастағы күдіктіні анықтады

Фото: tengrinews.kz

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында кісі өлтіру оқиғасы болды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

«Мойынқұм ауылындағы азық-түлік дүкенінің жанында екі жас жігіт жанжалдасып, салдарынан біреуі қайтыс болды. Ауыр қылмыс жасауға не итермелегені анықталып жатыр. Бұл жағдайды полицияға сол маңдағы үйлердің бірінде тұратын тұрғын хабарлаған», - деп хабарлайды.

Жедел-тергеу тобының мамандары оқиға орнына келгенде ер адамның денесін тапқан. Ол Қылышбай аулының 26 жастағы тұрғыны болып шықты.

Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен (кісі өлтіру) сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медицина сараптамасы тағайындалды.

Полиция қызметкерлері тергеу барысында күдікті ретінде Мойынқұм ауылының 27 жастағы тұрғынын ұстады. Ол кінәсін мойындады және одан 20-шы калибрлі қару тәркіленді.