Кинологтар қызметтік иттердің көмегімен 105 келі есірткі затын тәркілеген
Ақтөбе облысы Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығында 37 қызметтік ит бар. Биыл сегіз ай ішінде сол иттердің көмегімен 200-ден астам қылмыс (ұрлық, тонау және есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар) ашылған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Кинологтар қызметтік иттердің көмегімен заңсыз айналымнан 105 келі есірткі затын тәркілеп, 100-ге жуық ұрлықтың бетін ашқан.
«Осы айда дүкенде болған соңғы ұрлықтардың бірі Амур атты қызметтік иттің көмегімен ашылды. Ол күдіктіні ізін суытпай ұстады, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олар жаз кезінде құрғақ тамақ жейді, қыста ыстық тамақ керек, сондықтан біз олар үшін ботқа пісіреміз. Иттерге жылына екі рет обаға қарсы вакцинация жасалады. Әр кинологтың өз иті бар және олар басқа қызметкерлерге бағынбайды», – дейді Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Сапабек Рахимов.
Кинологиялық қызмет орталығында неміс және бельгиялық овчаркалар, орыс спаниелі және лабрадор тұқымдас иттер бар.