Түркістан облысында жасөспірім қызды бопсалаған тұрғын ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бопсалаушы жасөспірім қыздың интимдік видеосын әлеуметтік желіде жариялаймын деп қорқытқан

Фото: polisia.kz

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі бопсалау әрекеті бойынша шағымданған. Жәбірленушінің айтуынша, оның кәмелет жасына толмаған қызын белгісіз біреу (әйел адам) маусым айынан бастап бопсалап келген. Яғни, бопсалаушы жасөспірім қыздың интимдік видеосын әлеуметтік желіде жариялаймын деп қорқытқан. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

Күдікті осы күнге дейін жәбірленушілерден бір миллион теңге жымқырған. Полиция қызметкерлері бұл жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді.

«Жетісай АПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде, күдіктіні жәбірленушіден 120 мың теңге бопсалап жатқан жерінен ұстады. Ұсталған әйел адам Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты. Айғақты зат ретінде ақша мен бейнематериалдар тәркіленіп алынды», - деп хабарланды.

Қазір аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.