2 адам ауруханаға жатқызылды
26 тамыз сағат 06:30 шамасында Түлкібас аудандық полиция басқармасына ауруханадан Алматы – Ташкент – Термез тасжолының 649 шақырымында жолаушылар автобусының аударылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жол-көлік оқиғасы болған жерге бірінші болып Түлкібас АПБ жедел-тергеу тобы мен Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальоны мен Төтенше жағдай қызметкерлері келді. Полицейлер мен ТЖМ қызметкерлері жолаушыларға аударылған автобустан шығуға көмектесті, оларға сол жерде психологиялық және басқа да қажетті қолдауларды көрсетті», - делінген хабарламада.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2 адам, яғни жүргізуші мен 1 жолаушы ауруханаға жатқызылды. Қалған 19 жолаушы, оның ішінде екі жүкті әйел медициналық көмекке Сайрам, Түлкібас аудандары мен Шымкент қаласының ауруханаларына жүгінген.
«Алдын ала мәліметтер бойынша апаттың себебі ауа-райының қолайсыздығы болуы мүмкін. 21 адам болған жолаушылар автобусы Сарыағаш ауданына бет алған. Жолда жүргізуші рөлді басқара алмай, кюветтің оң жақ жиегіне шығып кеткен», - деп хабарлайды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында облыстық Полиция департаментінің анықтаушылары жұмыс істеуде. Бұл жайт Түлкібас АПБ-не тіркелді. ҚР ҚК 345-бабы «Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.