Түркістан облысында жолаушылар автобусы аударылды

Автор: Azattyq Rýhy

Автобуста 34 адам болған, оның 7-еуі – балалар

Фото: otyrar.kz

26 тамыз күні сағат 05:58-де Түлкібас ауданы Машат ауылынан 4 шақырым жерде жол-көлік оқиғасы болды. Республикалық маңызы бар Алматы – Ташкент – Термез автожолының 649-650 шақырымында «Yutong» маркалы жолаушылар автобусы аударылған. Бұл туралы otyrar.kz хабарлайды.

Автобус жүргізушісі рөлді басқара алмай, нәтижесінде, жолаушылар мінген көлік жол жиегіне шығып, бір жағына қарай ауып кеткен. Автобус салонында 34 адам болған, оның 7-еуі – балалар.

Алдын ала мәліметке сүйенсек, яғни сағат 07:35-тегі жағдай бойынша Сайрам ауданының орталық ауруханасына 17 адам жеткізілген. Ауруханаға зардап шеккен 6 адам жатқызылған, екеуінің жағдайы ауыр. Зардап шеккендердің арасында балалар жоқ. Жол апатынан адам шығыны болмаған. Көлік жанармайы төгілмеген.

Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның қалай болғанын анықтап жатыр. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және жедел жәрдем өкілдері жетті.

Еске сала кетейік, Ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында 17 тамыздан бастап карантин шараларын жеңілдеткенімен, қалааралық автобустардың қатынауына рұқсат еткен жоқ.