Қызылордада пайызсыз несие алып беремін деп тұрғындарды алдаған алаяқ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол жалпы сомасы 2,2 миллион теңге көлемінде ақша алған

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда полицейлері пайызсыз несие алып беремін деп тұрғындарды алдаған алаяқты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласының тұрғыны 2019-2020 жылдары өзінің жерлестерінен «көпқабатты үйлерден пәтер алып беремін», «пайызсыз несие алып беремін», «жұмысқа орналастырып беремін», «үйдің құжаттарын рәсімдеп беремін» деген түрлі желеумен сенімдеріне кіріп, жалпы сомасы 2,2 миллион теңге көлемінде ақша алған. Алаяқтың арбауына облыстың үш тұрғыны түсіп үлгерген.

Тұрғындардан түскен арыздар негізінде Қызылорда облысы полиция департаменті  жүргізілген жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, нәтижесінде Қызылорда қаласының 47 жастағы азаматшаcын ұстады.

Тергеу барысында күдікті кінәсін толығымен мойындады. Қызылорда қалалық сотының үкімі негізінде айыпталушыға үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот жәбірленушіге келтірілген шығынды заңмен белгіленген тәртіппен өтеуді міндеттеді.