Көршісінің үйіне ұрлыққа түскен күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында көршісінің үйіне ұрлыққа түскен күдікті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген. Ол өзінің арызында түскі уақытта белгісіз біреу үйіне заңсыз кіріп, құны 30 мың теңгелік алтын жүзігін жымқырып кеткенін хабарлайды.                                         

«Қылмысты ашу мақсатында Қазығұрт АПБ қызметкерлерінен арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жақын аймақтарды мұқият тексеріп шықты. Тәртіп сақшылары жүргізілген шаралар нәтижесінде, күдіктіні екі сағат ішінде анықтап, қолға түсірді. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жәбірленушінің көршісі болып шықты. Ол көршісінің үйіне кіріп, алтынды ұрлап, жеңіл жолмен ақша тапқысы келген», - делінген хабарламада.

Анықталғандай, ол бұрын сотты болған. Аталған жайтты Қазығұрт АПБ қызметкерлері  ҚР ҚК 188 бабы (Ұрлық)  бойынша тіркеді. Қазіргі таңда аталған баппен тергеу амалдары жүргізілуде.