Ақтөбе облысында тағы жол жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жүк көліктерінің жол жиегіне тұрып қалуынан кептеліс пайда болған

«Самара – Шымкент» тасжолында тағы да көлік кептеліп, жолдар жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Самара - Шымкент тасжолының Ырғыз ауылы қиылысында, яғни, Қарабұтақ ауылына қарай 20 шақырым бойы 200-250 көлік тұр. Жүк көліктерінің жол жиегіне тұрып қалуынан кептеліс пайда болған. Ал Самара – Шымкент тасжолының Ырғыз ауылынан Қызылорданың Арал қаласына қарай 40 шақырымда 60 көлік жиналып қалды. Кептеліс тасжолдың 1161-1168 және 1181-1185 шақырымы аралығында болып тұр. Себебі, жол өте тар. 1161-1168 шақырымы аралығын кептелістен тазарту үшін «ҚазАвтоЖол» мекемесінен екі техника жіберілді. Екінші кептеліске үш техника кетті. Жолдағы кептелісті жою үшін Қарабұтақ, Ырғыз ауылдары мен Қызылорда шекарасында жеңіл және жүк көліктеріне шектеу қойылды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетсек, кеше Самара – Шымкент тасжолында жүздеген көлік қар құрсауында қалған болатын. ТЖД құтқару жұмыстарын жүргізіп, кеше кешке жеңіл көліктің жүруіне рұқсат берген еді.