Агенттіктің хабарлауынша, ол өкілеттігін теріс пайдаланған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Төтенше жағдай кезінде медициналық бұйымдарды сатып алу барысында өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлайды.
«14 тамызда соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді», - делінген агенттік хабарламасында.
Еске сала кетейік, 12 шілдеде «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы болып Ерхат Есқалиев тағайындалды. Оған дейін компанияны Берік Шәріп басқарды. Берік Шәріп «СҚ-Фармация» ЖШС-ы басқарма төрағасы болып 24 сәуірде тағайындалды, оған дейін «СҚ-Фармация» басшысының міндетін атқарушы болды.