Ол балалар ойнап жүрген алаңға бірнеше күн келіп, оларды сөзге тартқан
Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде шымкенттік әйелдің педофил туралы айтқан видеосы кең тарап кеткен болатын. Ол өзінің қызын белгісіз ер адамның азғырғанын, алайда, шақыртуға келген полицейлер іс қозғамай кетіп қалғанын айтқан. Дегенмен, Шымкент қалалық Полиция департаментінің өкілдері күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Аталған видеороликте Шымкент тұрғыны оқиғаның 8 тамызда болғанын айтады.
«Сағат кешкі алтыларда белгісіз ер адам менің қызым мен аулада ойнап жүрген өзге қыздардың жанына келіп, іш киімін шешкен және жыныс мүшесін көрсеткен. Бұл әрекетін ол менің қызыма қарап тұрып істеген. Қызым жылап жүгіріп келді», - дейді ол.
Әйел артынша полицияға хабар беріпті. Алайда, оқиға орнына келген тәртіп сақшылары қылмыс құрамын дәлелдеу қиын деп, кетіп қалған көрінеді.
«Полицейлер маған қызыңызды зорлаған жоқ, басыңызды қатырып қайтесіз деп айтты. Көршілерім ол еркекті бұған дейін де көріпті. Ол біздің аулаға келіп, кішкентай балаларға сок әперген, тізесіне отырғызып, әңгімеге тартқан. Алайда, ересектер көріп, оны қуып жіберіпті», - деді әйел.
Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы 1-тармағымен (балаларды азғыру) сотқа дейінгі тергеу амалдарының жүріп жатқанын айтты.
Айта кету керек, полицияға шағымданған әйел өзін видеоға түсірген адамдарды да жауапқа тартуын талап етті.