Таразда 17 жастағы жасөспірім Lexus LX570 автокөлігімен адам қағып өлтірген

Автор: Azattyq Rýhy

Әлеуметтік желілерде оның депутаттың ұлы екенін жазғандар бар

Кісі өлімімен аяқталған оқиға Тараз көшелерінің бірінде 23 шілде күні болған. Алайда, полиция бұл туралы енді хабарлап отыр. Polisia.kz порталының жазуынша, 36 жастағы әйелді қағып өлтірген жүргізушінің жасы небәрі 17-де.

Аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағымен (Абайсызда кісі өлтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Күдікті әлі кәмелет жасына толмауына байланысты ол тергеуге үйінен келіп жүр.

Полиция жол көлік оқиғасының куәгерлерінен сұрау алып, бейнебақылау камераларын қарап шыққан. Тиісті сот сараптамасы тағайындалыпты. Егер баланың кінәсі толық дәлелденсе, ол жазадан құтыла алмайды деп сендірді полицейлер.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде адам қағып өлтірген жасөспірім жергілікті шенеуніктің ұлы деген әңгіме тараған болатын. Облыстық Полиция департаментінің басшылығы тергеуге оның туыстары қысым жасай алмайтынын айтты.

«Әлеуметтік желілер мен БАҚ беттеріне шыққан негативті материалдарға байланысты айтарым, тергеу органына күдіктінің кім екені, кімнің ұлы немесе туысы екені, қандай қызметте жұмыс істейтіні маңызды емес. Іске заң тұрғысынан баға беріледі», - деді Жамбыл облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Темірбек Оразымбетов.