Нұр-Сұлтанда дүкендер, мейрамханалар мен жалға беру кеңселері карантин кезінде жұмыс істеген

Автор: Azattyq Rýhy

5 шілдеден бастап елордада 722 заңбұзушылық тіркелді

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда дүкендер, мейрамханалар мен жалға беру кеңселері карантин кезінде жұмыс істеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Елордада карантин тәртібін сақтау бойынша рейдтер жүріп жатыр. Тексеру кезінде 11 тамыз күні түнде Ерімбетов көшесінде «Шашлык» және «Белый дом» дәмханаларының жұмыс істегені анықталды.

Полиция, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен құралған мобильді топ келген кезде мекемеде 11 клиент болды.

Сондай-ақ Балқантау көшесіндегі «Кентау», Сарыарқа даңғылындағы «Асқар» дүкендерінің түнгі 22:00-ден кейін жұмыс істеп, бас санитарлық дәрігердің шешімін бұзғаны анықталды.

Сонымен қатар, күндізгі тексеру кезінде Достық көшесіндегі «Карима» мейрамханасында келушілер әлеуметтік қашықтық сақтамағаны белгілі болды. Сондай-ақ балалар ойыншық көлігін жалға беріп, саябақтың бірінде балмұздақ сатқан.

«Барлық бұзушыларға қатысты материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді. 5 шілдеден бастап Нұр-Сұлтан қаласында 722 заңбұзушылық тіркелді, олардың 487-сі – тыйым салынған уақытта қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті.