Ер адам жәбірленушінің көлігін қасақана өртегені үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді
Қостанай облысында бөтеннің көлігін қасақана өртеп, иесіне едәуір материалдық шығын келтірген ер адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттардың ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қарабалық аудандық соты бөтеннің мүлкін қасақана жою, яғни өрт қою арқылы едәуір залал келтіру дерегі бойынша қылмыстық істі қараған.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 21 қыркүйекте түнгі сағат 02:00 шамасында сотталушы жәбірленушіге деген жеке бас араздығы салдарынан оның автокөлігін қасақана өртеген. Оқиға мүлікке залал келтіру мақсатында жасалған.
Мемлекеттік айыптаушы ер адамды төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, осы мерзім бойы пробациялық бақылау белгілеуді сұраған. Ал жәбірленуші соттан оған қатаң жаза тағайындамауды өтінген.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындаған. Жаза тағайындау кезінде сот оның шын жүректен өкінгенін, кінәсін мойындағанын және кәмелетке толмаған балалары бар екенін жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерген. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Істің барлық мән-жайы мен сотталушының жеке басын ескере отырып, сот оны үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Сондай-ақ осы мерзімге пробациялық бақылау белгіледі.
Азаматтық талап арыз берілмеген. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.