Оқиға салдарынан бес автокөлік бүлінді
Ақмола облысындағы Астана – Атбасар – Жақсы тасжолында автокөлік тасымалдайтын жүк көлігі аударылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мәліметке сүйенсек, жол-көлік оқиғасы тасжолдың 300-шақырымында, Перекатное ауылының маңында болған. FAW маркалы автовоздың жүргізушісі рульге ие бола алмай, салдарынан жүк көлігі жол жиегіндегі шұңқырға аударылған.
Жүргізуші түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Сонымен қатар автовозбен тасымалданып келе жатқан бес автокөлік механикалық зақымданған.
«Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданады», – деп жазылған Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелері мен жылдамдық режимін сақтауға, сондай-ақ жолда барынша мұқият болуға шақырды.