«Арасында доллар да бар»: Атырауда ойнап жүрген бір топ бала көшеден өте көп ақша тауып алған

Автор: Бақыт Шынар

Балалар ақшаны полицияға апарып берген

Фото: Атырау облысының полиция департаменті

Атырауда 11-12 жастағы бір топ бала ойнап жүріп, шамамен 300  мың теңге ақша салынған әмиян тауып алған. Балалар жақын маңайда жүрген полицияға жүгіріп барып, ақшаны сол қалпында тапсырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Балалардың адалдығы мен тәрбиесіне таң қалған полиция қызметкерінің қуанышы қойнына сыймаған.

«Достар, кеше керемет жағдай болды. Бесінші-алтыншы сыныптың оқушылары ақша толы әмиян тауып алыпты. Олар ол ақшаны бөліп алмай, тығып қоймай, бірден айналада жүрген полиция қызметкерлеріне табыстады. Ақша кейіннен  иесіне қайтарылды. Иесі қатты қуанды», - дейді полиция қызметкері.

Бірақ, полицей ақшаның қалай жоғалғанына, оның кімдікі екеніне емес, балалардың әрекетіне баса назар аударған.

Оқи отырыңыздар: Астанада доллар шашқан «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшылары қолға түсті

«Бұл жерде 11-12 жастағы балалардың адалдығы мен полицияға деген сенімі – ата-анасының дұрыс тәрбие бергенін көрсетеді. Біздің болашағымыз жарқын екенін көрсетеді», - дейді видеодағы полицей.

Ал Атырау облысы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ақша 17 қараша күні табылыпты.

«17 қараша күні Нұрсая шағын ауданын патрульдеп жүрген батальон қызметкерлеріне бір топ оқушы келіп, көшеден әмиян тауып алғандарын айтқан. Әмиянның ішінде 300 мың теңге көлемінде ақша болған. Балалар ақшаны тығып қоймай, полиция қызметкерлеріне берген. Полиция иесін тауып, ақшаны қайтарып берді», - - деп хабарлайды Атырау облысының полициясы.

Ал видеодан байқағынымыз, балалар ақшаны полицияға тапсырғаннан кейін көліктің сыртында полицияның жұмысына қызыға қарап тұрған. Ал әмиянның ішінен теңге ғана емес, долларды да байқауға болады.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Астананың полициясы тұрғын үй кешендерінің бірінен дорба-дорба доллар тапқан болатын. Астананың аспанынан доллар лақтырған Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің қайда отырғаны белгілі болды.

Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшамызға жазылыңыздар