Nissan Teana мен Kia көліктері түнгі уақытта соқтығысып, сегіз адам ауруханаға жеткізілді
Атырау – Индер тасжолында болған жол апатынан сегіз адам зардап шекті. Түнгі оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, екі жеңіл автокөлік түн ортасында қатты соқтығысқан. Соққының күшті болғаны сонша, зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болған.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, жол апаты 2026 жылғы 18 қарашада сағат 01:20 шамасында болған. Жолда Nissan Teana және Kia маркалы көліктер соқтығысқан.
«Апат салдарынан Nissan Teana көлігінің бес жолаушысы, сондай-ақ Kia көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша тиісті материалдар жинақталып жатыр. Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады», – деп мәлімдеді ведомство.