Петропавлда ер адам «ерекше» кешкі астан кейін ауыр халде жансақтау бөліміне түсті
Дәрігерлер науқасқа шұғыл ота жасап, тыныс алу аппаратына қосуға мәжбүр болған
Петропавл қаласының тұрғыны әдеттен тыс тағам үйлесімін тұтынғаннан кейін ауыр жағдайға тап болды. Ащы кеспе, газдалған сусын және энергетик ішкен ер адамнан жедел панкреатит анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan Media басылымына сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, ер адам денсаулығының нашарлағанын алғашында елемей, ауырсыну біртіндеп басылады деп ойлаған.
Алайда ауруханада жағдай күрт қиындаған. Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болған.
«Науқас хирургия бөліміне жеткізілді. Жағдайы тез нашарлағандықтан, дәрігерлер шұғыл ота жасады. Одан кейін ер адам жансақтау бөліміне ауыстырылды. Тыныс алуында күрделі мәселелер туындағандықтан, оны өкпені жасанды желдету аппаратына қосты», – деді медициналық мекеменің баспасөз қызметі.
Жалпы емдеу шаралары 20 күнге созылған. Қазір ер адам ауруханадан шығарылды. Үйіне қайтар алдында ол медициналық қызметкерлерге көрсеткен көмегі мен қамқорлығы үшін жеке алғысын білдірген.
