Бұған дейін дәрігер баланың туа біткен жүрек ақауы болғанын айтқан
Атырау облысында қызылша жұқтырған бір жастағы бала қайтыс болды. Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы әлеуметтік желіде дәрігер таратқан ақпаратты растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 14 қарашада бала Жылыой ауданынан санитарлық авиация арқылы Атырау облыстық инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы ауыр болған. Бұған дейін аудандық ауруханада ем қабылдаған.
«Ауруханаға түскен кезде баланың жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Негізгі ауруының асқынуы салдарынан екі жақты пневмония, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыған. Медицина мамандары қарқынды емдеудің толық кешенін жүргізді. Алайда қабылданған емге қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады», – деп жазылған хабарламада.
Бір күн бұрын Threads әлеуметтік желісінде атыраулық дәрігер қызылша инфекциясынан бір жастағы баланың қайтыс болғанын жазған. Оның айтуынша, ата-анасы кардиохирургтің кеңесіне сүйеніп, баласының туа біткен жүрек ақауына байланысты екпе салдырудан бас тартқан.
Дәрігер әлеуметтік желі арқылы балалар кардиохирургтеріне үндеу жасап, туа біткен жүрек ақауы бар балалардың ата-аналарына вакцинацияның маңызын түсіндіруді сұраған. Оның пікірінше, мұндай балаларды жұқпалы аурулардан қорғау аса маңызды.