Ұлттық құраманы жеңіске жеткізе алмады: ҚФФ бас бапкер Джон ван’т Схипті еліне қайтарды

Онымен келісімшарт ұзартылмайды 

Ұлттық құраманы жеңіске жеткізе алмады: ҚФФ бас бапкер Джон ван’т Схипті еліне қайтарды
Фото: kff.kz

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Джон ван’т Схиппен қоштасатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚФФ бас хатшысы Скотт Манның мәлімдеуінше, бапкердің келісімшартының уақыты осы аптаның соңында аяқталады.

«Біз оны ұзартпаймыз», – деді ол.

Нидерландиялық Джон ван’т Схип келгелі Қазақстан құрамасы бірде-бір рет жеңіске жетпеген. Оның жетекшілігіндегі ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасының С дивизионында өнер көрсетіп, өз тобында соңғы орын алды.

ҚФФ Джон ван’т Схиптің орнына кімнің келетінін әзірге айтпады.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының 2026/2027 жылғы маусымындағы алтыншы турда Словакиямен кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті. Ойын Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтті. Ұлттық құрама соңғы рет 31 наурызда FIFA Series турнирінде Комор аралдарын 1:0 есебімен жеңген. Содан бері сегіз матч өткізіп, оның төртеуінде тең ойнады, тағы төртеуінде жеңіліп қалды. Бұл кездесулердің алтауы ресми, екеуі жолдастық ойын болған. Словакиямен болған тең ойыннан кейін Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде бір саты жоғарылап, 117-орынға көтерілді. Команда 4,07 ұпай қосып, жалпы көрсеткішін 1160,72 ұпайға жеткізді.