Астанадағы «Жайлы мектепте» оқушы қыз сыныптастарына пышақпен шабуыл жасады

Автор: Алмас Ерсін

Екі оқушы зардап шеккен оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: istockphoto.com

Астанадағы «Жайлы мектептердің» бірінде жоғары сынып оқушысы екі сыныптасына пышақ жарақатын салған. Зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсетілді. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиғаға қатысқан оқушылар шамамен 16 жаста. Шабуылдан кейін зардап шеккен екі балаға медициналық көмек қажет болған.

16 қарашада Астана қалалық Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Зардап шеккен екі оқушыға медициналық көмек көрсетілді. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған қыз профилактикалық есепке қойылып, Психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылды», – деп мәлімдеді ведомстводан.

Сонымен қатар полиция оқушының заңды өкілдерін бала тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартқан.

«Оқиғаға себеп болған мән-жайлар мен жағдайларды жою жөнінде Білім басқармасы мен Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ұсыныстар енгізілді. Сондай-ақ тергеу аясында білім беру ұйымының қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп толықтырды полиция өкілдері.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.