Қызылорда облысында 3 жасар бала өздігімен пойызға мініп кеткен
Ол әжесімен бірге теміржол станциясында жүріп адасып қалған

Қызылорда станциясында жоғалып кеткен 3 жасар бала табылды деп хабарлайды Polisia.kz. Әжесінен көз жазып қалған бүлдіршін жолаушылар легімен бірге Алматы – Ақтөбе пойызына мініп кеткен.
Көлік полицейлеріне баланың анасы арызданып келген. Ол 2017 жылы туған ұлы Болат Ахмедиярдың темір эжол станциясында әжесімен жүріп, із-түзсіз жоғалғанын айтыпты. Артынша мән-жай анықталғаны, баланың жолаушылар пойызына мініп кеткені белгілі болды.
«Пойыз Жалағаш станциясына келгенде полицейлер оны түсіріп алып, анасы келгенше қарауына алды. Кейін ата-анасына тапсырды және олармен профилактикалық жұмыс жүргізілді», - делінген полиция таратқан хабарламада.
Жоғалған баланы іздеу үшін Қызылорда станциясының желілік полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері елеусіз қалатын нысандарды, адамдар көп жиналатын орындарды, вокзалға жақын ғимараттарды және пойыз вагондарын тексерді.