Алматы облысында өзенге ағып кеткен сот төрағасының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Автор: Azattyq Rýhy

Наурызбай аудандық сот төрағасының мәйіті Іле өзенінен табылған

Алматы облысының Полиция департаменті Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының төрағасы Серікбай Төлепбергеновтың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«8 тамыз күні сағат 23:27-де Балқаш аудандық полиция бөліміне хабарлама түскен. Жедел іздестіру тобы құрылып, оқиға орнына барып, іздеу жұмыстарын жүргізді. Мәйіт келесі күні күндізгі сағат бірлер шамасында табылған. Іздестіруге төтенше жағдай қызметінің өкілдері қатысты. Қазір адам өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы әлі шыққан жоқ. Алдын ала болжам бойынша ол кісі тұншығып өлген. Дене жарақаты жоқ», - деп пікір білдірді Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Оның сөзінше, мәйіт полиция шақырылған мекенжайдан емес, содан 40 шақырым жерден табылған. 8 тамыз күні оның жанында кімдердің болғаны, қан құрамында алкогольдің бар-жоғы қазір анықталып жатыр.

Бұған дейін Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының төрағасы С. Төлепбергеновтың Алматы облысы Миялы ауылы тұсында Іле өзеніне батып кеткені туралы жазғанбыз.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан